- 4 маусым күні сағат 23.00-де департаменттің бірыңғай диспетчерлік қызметінен Павлодар ауылының маңында моторлы қайық аударылып кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті, - дейді жедел-құтқару жасағының бастығы Сергей Чернов. - Оқиға орнына моторлы қайықпен екі құтқарушы шықты. Жағада су киіммен отырған 1967 жылы туған ер адам тоңып қалған. Бұған қоса, құтқару кеудешесі болмаған.

Құтқарушылар ер адамға жылы киім беріп, қызметтік қайыққа отырғызды. Жүзу құралын жағаға сүйреп әкелді.

Ер адамды құтқару станциясына жеткізіп, судағы қауіпсіздік шараларын сақтау туралы кеңес берді. Медициналық көмек қажет болған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін ТЖ департаменті желдің күшеюі және температураның төмендеуі туралы дауылды ескерту жариялаған болатын.

Павлодарлық құтқарушылар облыс тұрғындарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау және қайықта отыру кезінде құтқару кеудешелерінің болуы туралы ескертеді.

Фото: Павлодар облыстық ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: