Облыс әкімі  баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сонымен қатар жаңадан қоныстанушыларға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділік қамтамасыз етілуі керек.

Тұрғын үй жоспарлары мен құрылыс индустриясының мүмкіндіктері бір-біріне сәйкес болуы керек. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

2020 жылдан не күтеміз?

2020 жылы Павлодар облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен 346 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жалпы, биыл облыста 48 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Павлодарда «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бұрынғы «Алюминстрой» аумағында бірнеше екі қабатты проблемалы ағаш үй қалды. Ол үйлердің тұрғындары әзірше өз пәтерлерінде тұрып жатыр.

- 200 адамның ішінен 12 адам қалды. Бұл жердегі мәселе олардың өздері тұратын пәтерлерге меншік құқығын дәлелдей алмауында болып отыр, - деп түсіндірді Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов. - Біз олармен жұмыс істеп жатырмыз, оларды көшіру мәселесін 20 маусымға дейін шешеміз.

«Достық» шағын ауданына келер болсақ, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов еске салып өткендей, оны салу үшін тек бюджеттік қана емес, жеке инвестицияларды да тарту қажет. Биылғы жылы мұнда алты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ.

- Біздің мақсатымыз – халық үшін ыңғайлы болатын толыққанды шағын аудан құру және тұрғындарға әлеуметтік инфрақұрылымға толық қолжетімділікті қамтамасыз ету, - деп мәлімдеді өңір басшысы. – «Достық» ықшам ауданының келбетін жинақы және павлодарлықтар үшін қызықты ету үшін кешенді шешім қажет. Жеке құрылысшыларды тартуға болады. Өйткені бюджеттік жүктемені азайту біздің стратегиялық міндеттеріміздің бірі болып табылады.

Павлодар облысында көп қабатты тұрғын үйлерден басқа, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударушылар үшін екі пәтерлі үйлер салынуда. Жалпы, биылғы жылы 400-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Әбілқайыр Сқақов құрылыс сапасын бақылауды төмендетпеуді талап етіп, құрылыс материалдары жаңа болса да, кей жерлерде жұмыстар сапалы атқарылмайтынын айтты.

Ескі шағын аудандар - жаңа перспективалар

Жиында «Затон» шағын ауданының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқандығы белгілі болды. 176 пәтерге арналған ескі 22 екі қабатты үйдің орнына 900 пәтерлік 11 биік ғимарат салу жоспарлануда.

-Бұл жобада «Сарыарқа» шағын ауданын салу барысында жіберілген қателіктер барынша ескерілуі керек, - деп атап өтті өңір басшысы. - Ескі үйлердің тұрғындарын қоныстандыруда проблемалар туындамас үшін шарттары барлық тараптарға түсінікті және ашық келісімшарттар қажет. Халықты жинап, жобаны таныстырып, барлық тұстарды талқылау керек.

Болашақта Павлодарда жаңа құрылысқа баспаналарының тозығы жеткен басқа да жер учаскелерін беру ұсынылып отыр. Бұл Толстой және Иса Байзақов, Бекмаханов және Павлов көшелерінің қиылысы, сондай-ақ теміржол вокзалының аумағы. Алайда бұл жобалар «Сарыарқа» шағын ауданы толық пайдалануға беріліп, «Достық» шағын ауданының бірінші кезегі аяқталғаннан кейін қолға алынбақ.

Жоспарлау - стратегия негізі

Павлодар облысының әкімі тұрғын үй салудың кез келген жоспарын құрылыс саласының өкілдерімен талқылауды тапсырды.

- Біз құрылыс индустриясы жоспарларымызды жүзеге асыруға дайын ба, жоқ па, соны түсінуіміз керек, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. - Кірпіш зауыттары, жабын плиталарын, іргетас блоктарын және басқа материалдарды өндірушілер қажетті көлемді қамтамасыз етуге дайын ба? Кәсіпорындарымызды аралап, олардың қазіргі жағдайын білейік. Мүмкін құрылысшылар несие алып, жаңа құрылыс технологияларын игерер. Біздің ұзақ мерзімді жобаларымызды ескере отырып, олар бұл іске тікелей мүдделі.

Сонымен қатар өңір басшысы жаңа үйлерді жобалауға дайындық жұмыстарына тоқталды. Ол мысал ретінде Екібастұздағы жағдайды келтірді. Онда бірнеше көп қабатты үйлердің бұрыннан бар жобалары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша іске асырылмақ.

- Жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға уақыт пен бюджет қаражатын ысырап етпеу үшін үлгілік жобаларды барынша пайдалану қажет, - деді әкім. - Спорт кешендерінің, оқу орындарының, мәдени үйлер мен тұрғын үйлердің ең үздік жобаларын алыңыздар. Құрылыс үлгі бойынша жүргізілуі керек, айырмашылық тек белгілі бір орынға қатысты болады. Сонда біз кез келген құрылыс жобаларын іске асыру уақытын едәуір қысқарта аламыз.

Әбілқайыр Сқақов жаңа тұрғын үй құрылысы стратегиясының мақсаты мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету екенін еске салды.


Суретті түсірген Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: