Бұл мәселе жөнінде облыстық әкімдікте өткен жиын барысында «Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есеп айырысу орталығы» департаменті – Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ филиалының директоры Рысты Қанаева айтты.

- Базадаға мәліметтер бойынша 6 мың 33 әйел 1960 жылы туылғандар, - дейді Рысты Қанаева. - Олардың 4031-інде биылғы зейнеткерлік аударымдары бар. 270-сы зейнетақы, 435-і жәрдемақы алатындар. Қалған 1237 әйелдің шынымен де сол жерде тұра ма екенін анықтау керек. Бұл адамдардың тізімі бар. Біздің тараптан алдын ала есептеу үшін зейнеткерлік жастың жоғарылайтыны туралы хат жолданған болатын, дегенмен сол жерде тұрмайтыны туралы белгімен хабарлама кері қайтып келді.

Оның айтуынша, өңірде базалық зейнетақымен 110568 адам қамтылады. Оның ішінде еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары 60865 зейнеткер 100 пайыз күнкөріс деңгейінде алады. Бұл жалпы зейнетақы алушы контингенттің 55 пайызын құрайды. 49 мың 703 зейнеткердің еңбек өтілі 33 жылдан төмен. Оларға 53-98 пайыз аралығында базалық зейнетақы төленеді.

- Биыл 58 жасында зейнеткерлікке шығатын әйелдер саны - 3087 адам. Екінші жарты жылдықта зейнеткерлік жасқа келетін әйелдер биылғы жылы мемлекеттік корпорацияға келмейтін болса, олардың зейнеткерлік жасы 58 жас алты айға дейін ұзарады. 3087 адамның 1577-сіне зейнетақы тағайындалса, 21-і қайтыс болған және 480-і елден тыс шығып кеткен. Бүгінде 1009 әйел жүгінген. Оның 114-і зейнеткерлік жасқа шілде-қазан айлары аралығында келген. Дегенмен бұл санаттағы адамдардың куәліктерінің мерзімі өтіп кеткен және құжаттары болғанмен рәсімделмеген, - дейді Рысты Қанаева.

Павлодар облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Евгений Губаревтің айтуынша, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тек қана жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (58-63/63 жаста) және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады.

Базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынатын болады.

Облыс әкімі қалалар мен аудандың әкімдерге зейнеткерлік жасқа таяған жұмыс істемейтін әйелдердің тізімін анықтауды тапсырды.

- Түсіндіру жұмыстарына ардагерлер кеңесінің төрағаларын енгізу керек. Бұл өте маңызды мәселе. Тарифтерді көтерген кезде тұрғындардың көңілінде алаңдаушылық пайда болатыны белгілі. Зейнетақыны төмендету туралы жаңалық құлаққа түрпідей тиеді. Сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдеріне сұрақ-жуап ретінде сұхбат ұйымдастыру керек. Халық әкімнің сөзіне сенеді, - деді Болат Бақауов.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам